Қорымда 15991-1993, 1997, 2002, 2003 жылдары зерттеулер жүргізілген.
2005 жылғы зерттеу кезеңінде ескерткіште көлемі 368 м 2 қазба салынды.
Қазба барысында 0,7 м тереңдіктен ордың орны аршылды. Ордың қазылған бөлігінің ені 3 м-ден 5 м-ге дейін, тереңдігі 1,6 м. Қазбаның батыс жағында ордың ені кішірейіп, ішкі қабырғасынан баспалдақ түзіледі. Бұл жерде ордың ені 1,5 м, тереңдігі 1,8 м, еденінен екі діңгектің орны (1,5-1,6 м) жене күлдің үйінділері анықталды. Ордың ішкі қабырғасы тік, ал ішкісі жайдақ. Ордың ішінен тас құралдар, қыш ыдыстың сынықтары, мал сүйектері табылды. Қазба көлемінен табылған шұңқырлардың 19 алынды, олардың 7-і жерлеу ескерткіші, біреуі құрбандық шалу орны, 7 діңгектің орны, ал қалғандары қандай мақсатпен жасалғандары белгісіз. Жерлеу ескерткіштерінің төртеуі дамыған қолаға тура келеді (петров мәдениеті), олардың біреуі сол кезеңде тоналған (№130 шұңқыр).
№123 шұңқырдың пішіні төртбұрышты, ал бұрыштары қатты дөңгеленген (3,1-2,4 м). Тереңдігі бір метрге жеткенде шұңқырдың көлемі кішірейеді 2,55*2,13 м. Қабірдің ішінен қабырғаларға қаланған ағаштардың қалдықтары табылды. Қабірдің солтүстік-батыс ағаш қабырғасы құлап, қыш ыдыстар мен адамның бас сүйегін басып қалған. Қабір шұңқырының ішінен еденге 0,2 м қазылған 7 діңгектердің орны аршылды. Солтүстік-батыс бұрышындағы баспалдақта тереңдігі 0,1-0,2 м екі жылқының бас сүйектері табылды. Бастары бет жағымен жоғары қаратылып, батысқа бағытталған. Сонымен катар малдардың тістері табылды. Жерленген адам шұңқырдың ортасында 1,4 м тереңдікте бүктеліп қойылған. Қолдары бетінің алдына қойылып, басымен батысқа бағытталған. Адамның сүйегін тазалау барысында, оның жамбас жағынан қола жене пастыдан жасалған моншақтар табылды.
Заттардың негізгі бөлігі қабірдің солтүстігінен 1,2-1,4 м тереңдікте табылды. Адамның бас жағында, қатарынан үш ыдыс қойылған. Қабірдің қабырғасы мен ыдыстардың ортасынан екі қырлы қола пышақ және сүйектен жасалған тескіш табылды. Шығыс қабырғасынан, қырынан қойылған тағы да бір ыдыс аршылды. Солтүстік бұрыштан табылған ыдыстардың арасынан 62 асық табылды, олардың үшеуінің қырлары егелген.
Керамикасының коллекциясы 4 құмырадан тұрады. Табылған ыдыстардың барлығының қабырғалары тік, жалпақ түпті, өрнектелген, ернеулері дөңгеленген. Өрнектері тісті баспа тәсілімен жасаған. Өрнектері ромб, үшбұрыш, түзу сызықтар секілді геометриялық пішіндерден тұрады. Қыштың құрамына органика, ұлу, құм қосылып тығыздалған. Қабырғалардың қалыңдығы 8-9 мм, еденінің қалыңдығы 7-9 мм.
№125 шұңқыр. Пішіні сопақтау. Көлемі 1,6*1 м, тереңдігі 0,7 м. Тереңдігі 0,4 м жеткенде шұңқырдың көлемдері 1,45-0,8 м болады. Адам 0,7 м тереңдіктен аршылды. Жерленген адамның қаңқасы толық емес, тек қана бас сүйектің кейбір бөліктері жене тістері сақталған. Осы сүйектердің орналасуына негізделіп адам басымен батысқа қарай бағытталған деген болжам жасауға болады. Қаңқаның бас жағына екі ыдыс қойылған. Қабірдің солтүстік бөлігінде 0,7 м тереңдіктен 59 асық тазаланып, олардың біреуінде тесік бар екендігі анықталды. Қаңқаның аяқ жағынан бір ыдыс және қойдың сүйектері табылды.
Керамикасының коллекциясы 3 құмырадан тұрады. Табылған ыдыстардың қабырғалары тік, түптері жалпақ. өрнектелген. Ернеуі дөңгеленген. Қабырғаларының қалыңдығы 8-10 мм, түбінікі 11-12 мм. Қыш тығыз, құрамына шамот, ұлу, органика және ұсақ құм қосылған. Өрнектері үшбұрыш, түзу сызықтар және көп қатарлы зигзактардан тұрады. Өрнектер тісті штамп әдісімен салынған.
№131 шұңқыр. Көлемі 2,53*2 м, тереңдігі 1,5 м, пішіні төртбұрыш, бұрыштары дөңгелектелген. Қабір тереңдігі 13 м жеткенде көлемі өзгереді. Көлемі 1,8*0,83 м. Тереңдігі 1,3-1,4 м болғанда, қабырғаларды қаптаған ағаштардың қалдықтары табылды. Қаңқа 1,5 м тереңдікке қойылған. Адам бір жамбасына, басын оңтүстік-батысқа бағыттап қойылған. Қолдың білек бөлігі бетінің алдына қойылған, басы бетімен төмен қарап қалған. Қабірдің оңтүстік бұрышынан ыдыс аршылды, қышпен бірге қола сыммен оралған ағаш бұйымның қалдықтары табылды. Қыш ыдыстың жанынан орақ пішінді, екі жүзді қола пышақ табылды. Қаңқаның аяқ жағына екі әр түрлі кішігірім ыдыс қойылған. Қабірдің солтүстігінен малдың екі қабырғасы аршылды. Шұңқырдың түбінен қалыңдығы 0,05 м шіріндінің ізі байқалады.
Адаммен бірге табылды:
- тастан, қоладан, пастадан жасалған моншақтар;
- қола білезіктер;
- бір жарым рет оратылған 3 қола салпыншақтар, олар жерленген әйелдің көйлегінің жеңінде тігіліп тұрды.
Қыш ыдыстардың екеуінің қабырғалары тік, ал үшіншісі жайдақ. Өрнектері сызық. баспа және штамп әдісімен түсірілген. Қыш ыдыстарға түзу сызықтар, үшбұрыштар салынған. Қыш тығыз, құрамына шамот, органика, ұлу және құм қосылған. Қабырғалардың қалыңдығы 8-10 мм, түбінікі 10-13 мм.
Бір жерлеу ескерткіші соңғы қола кезеңіне жатады.
№132 шұңқыр. Пішіні төртбұрышты, бұрыштары қатты дөңгеленген. Қабірдің көлемі 1,8*1,3 м, тереңдігі 0,3 м. Адамның қаңқасы 0,3 м табылды. Жерленген адам арқасымен созылып, басымен оңтүстік батысқа бағытталған. Қаңқаның басы оң иығына орналасқан. Басының сол жағына қыш ыдыс қойылған. Жерленген адамның оң қолы созылып, сол қолы бүгілген, ал аяқтары бүгіліп оң жаққа қарай қойылған.
Қабірден табылған ыдыстың қабырғасы жайдақ және өрнектелген. Ернеуі жайдақ өрнектер зигзактардан, түйіскен штамптардан құрылған. Қыш тығыз, құрамына органика, құм қосылған. Қабырғалардың қалыңдығы 7-9 мм, түбі 9 мм.
№ 127 шұңқыр. Пішіні және табылған заттары бойынша бұл ескерткіш құрбандық шалу орны болып табылады. Көлемі 3*2,8 м, тереңдігі 0,4 м. Тереңдігі 0,2 м болғанда шұңқыр дөңгеленіп, көлемі 2,45*1,4 м болды. 0,2 м тереңдіктен жылқы мен сиырдың он бас сүйегі және төрт жақ сүйегі және аяқтары табылды. Олар екі қабат болып қойылған. Бірінші қабатта бас сүйектер батысқа бағытталып қойылған, жақ сүйектері қырынан немесе төмен қаратылып орналасқан. Бас сүйектердің барлығында тесіктер байқалады. Астыңғы қабаттағы малдардың аяқ сүйектері қойылған. Сонымен қатар қабірдің солтүстік және оңтүстік бөліктерінде, бас сүйектерге аяқтары қойылған үйінділер орын алады.
Бір ескерткіш ортағасырлармен мерзімделеді.
№136 шұңқырдың пішіні сопақ. Көлемі 1,25*0,4 м, тереңдігі 0,3 м. Шұңқырдың бастамасынан бастап, ағаш құрылыстың қалдықтары кездесе бастайды. Ағаштарды қабірдің қабырғаларын өру үшін қолданған. Шұңқырдың түбінен қалыңдығы 0,05 м шірінді табылды. Ағаштардың ішкі жағынан органикалық қаптаманың қалдықтары байқалады. Тереңдігі 0,25 м жеткенде, арқасымен созылып басымен оңтүстік-батысқа бағытталған адамның қаңқасы тазаланды. Жерленген адамның басы оң иығына қойылып, сол қолының білегі жамбасына орналасқан. Адамның жанынан заттар табылған жоқ.
Төменде суреттелетін ескерткіштен заттар табылмағандықтан мерзімі анық емес.
№126 шұңқыр. Пішіні сопақша, көлемі 1*0,85 м, тереңдігі 0,1 м. Адамды 0,05 м тереңдікке жерлеген. Қаңқаны оң жамбасына бүгіп, басын оңтүстікке бағыттап қойған. Адамның сол қолының білегі бас сүйектің астына орналасқан, ал оң қолының орналасуына қарағанда сынған болуы мүмкін.
Әр жылдары жүргізілген зерттеулердің нәтижесінде Бестамақ қорымындағы ескерткіштер мерзімі жағынан әр кезеңге жататындығы белгілі болды. Сонымен қатар қорым солтүстікке және шығысқа қарай созылуы мүмкін деп болжаймыз.