Зерттеу жұмыстары үш бағытта жүргізілді: сарайдың солтүстігінде 50 м қашықтықта орналасқан, керуен сарайды қоршап жатқан құрылыс қалдықтарын зерттеу; сарайдың батыс жағынан кеуіп қалған өзен бойындағы орналасқан обалардың бірін зерттеу; кешеннің гидрологиялық құрылыс қалдықтарын зерттеу. 2008 ж қазба жұмыстар барысында керуен сарай аулысының шығыс жағынан 500 м² қазылды. Жоғарғы қабат 0,2-0,5 м тереңдікке қазылды. Қазба жұмыстары басталмай жатып, жер бетінде керуен сарайдың оңтүстік қабырғасының қылдықтары көрініп жатқан болатын. Аршу барысында қабырғаның тұсында тас үйіндісі анықталды. Керуен сарайдың бұған дейін зерттелген шығыс қабырғасына жапсарлай тұрғызылған, көлемі 10*6 м құрайтын бөлме анықталды. Бөлменің шығыс жағынан, ені 1,2 м болатын кіретін есігі бар. Осы бөлменің солтүстік - шығыс жағында, болжау бойынша бір құрылыс болған екі бөлменің іргетасы аршылды. Солтүстік бөлменің көлемі 7*10 м, оңтүстік бөлме 9*10 м құрайды. Қызыл құмдақ тасынан қаланған сақталған қалдықтарының биіктігі 35 см - ге дейін жетеді.
Керуен сарай ауласының оңтүстік - шығыс бұрышында шығыс бағытында 15 м созылған оңтүстік қабырғасы аршылды. Ауланың шығыс қабырғасынан 13 м қашықтыққа оңтүстік қабырғаға жапсарлас, көлемі 3*4,5 м болатын бөлме қалдықтары анықталды.
Жоғарыда айтылып кеткен, керуен сарайдан батыс бағытта орналасқан, С-О бағытта қатарынан орналасқан обалардың бірі зерттелді. Ортасында диаметрі 1,5 м тонаушылар қалдырған шұңқыр бар. Обаның жоғарғы қабаты көптеген ұсақ, тау жыныстарына жататын тас сынықтары мен сұрғылт түсті топырақтан тұрады.
Оба бетінде диаметр 9-11 м болатын тас шеңбер орналасқан. Ірі тастар шеңбердің солтүстік және солтүстік-шығыс жағында сақталған. Қазба барысында обаның ортасынан қабір пішіні анықталды, көлемі 1,5-1,7 м, тереңдігі 1,1 м. Одан жоғарғы қабатында, болжам бойынша адам қолының сүйектері анықталды. Қабірдің іші бос болды.
Гидрологиялық құрылыстарды зерттеу жұмыстары екі бағытта жүргізілді. Ол су құбырларын және арықтарды іздеу жене оларды картографиялау. Аса күрделі немесе қызықты учаскелерінде бақылау қазба жұмыстары жүргізілді.
Ақыртас кешенінің жер бедерін зерттеу нәтижесінде сарайды салу барысында қажетті су мөлшерін уақытында тасымалдау үшін гидрологиялық құрылыс қалдықтары анықталды. Сарайға келетін негізгі екі су құбыры анықталды. Зерттеу барысында сумен қамтамасыз етудің бірнеше тәсілдері анықталды: 1) бұлақ көзі - су құбыры - арық - құдық/хауз; 2) бұлақ көзі - су құбыры - арық - егістік жерді суаратын каналдар – егін алқабтары. Барлық суландыру жүйесі негізгі үш бағыты анықталды: шығыс, батыс және орталық суландыру жүйелері. Шығыс жүйесі сарайдың өзі мен оның маңайын сумен қамтамасыз етті. Орталық жүйе тау етегінен түсіп, бірнеше құдық/хауздардан өтіп, кеуіп қалған көл орнын сумен толтырған. Ол суды күнделікті шаруашылықта жене болжам бойынша сарайды салу кезінде пайдаланған. Батыс жүйесі, шығыс суғару жүйесі сияқты, сарайдың өзіне және егіс алқабтарына су жеткізеді.
Сондай-ақ, орталық суландыру жүйесінің бұлақ көзінде қазба жұмыстары жүргізілді. Жоғарғы қабатында көптеген қыш құбырлар табылды. 30 см тереңдікте қыш құбырының үш бөліктері табылды. Әр бөлігінің ұзындығы 85-87 см, сыртқы диаметрі 26 см, ішкі диаметрі 20 см.
Құбыр 1 (Батыс суғару жүйесі) 2561 метрге созылған. Ол, бұлақ көзі Ұзынбұлақ дәлізінен оңтүстік - батыс бағытта 5800 метр жерде орналасқан бұлақтан бастауын алады. Бұлақ көзінің координаты: 42N 725747 4754216. 1950 м солтүстік бағытта, координаттары 42N 725809 4756180 болатын жерде қыш құбырлардың сынық бөліктері табылды. Бірақ арықтың өзі аталған жерден солтүстік бағытта 938 м қашықтықта байқалды.
Арық бойында бір - бірімен қиылысатын су құбырларының екі учаскесі анықталды. Су құбырлары қиылысып өз арасында төртбұрыш егістік алқабтарын жасайды. Жалпы, жеті учаскеден тұратын екі егістік алқаб анықталды. Көлемі 240-653 м2 құрайды.
Құбыр 2 (Батыс суғару жүйесі) бірінші құбырдың сағасы болып табылады. Осы құбыр 1200 м - ге созылған. Аяқ жағында көптеген қысқа тармақтарға таралған. Мұндай тәсіл көбінесе егістік алқабтарды суғару үшін пайдаланған, бірақ бұл жерде ешқандай алқаб анықталған жоқ.
Құбыр 3 (Шығыс суғару жүйесі) 580 м-ге созылған. Ол үлкен Шошқалы шатқалына кіреберісіндегі үлкен құдыққа/хаузге Қызылқайнарсай өзенінің суын көтеру үшін салынған. Құбыр басталатын орнының координаттары: 42N 729098 4755042. Құдық/хауз координаттары 42N 729022 4755507, көлемі 190-230 м3. Қасында ауданы 40*80 м, көлемі 2000-2200 м³ болатын құдық орналасқан. Бірақ одан таралатын тармақтар көрінбейді.
Құбыр 4 (Шығыс суғару жүйесі) 3 суғару құбырынан келетін сумен толтырылып ары қарай сарайға дейін арық арқылы су құбыры өткізілген. Ұзындығы 3800 м.
Құбыр 5 (Шығыс суғару жүйесі) үш арықтан тұрады. Екеуі бөгет арқылы жабылған сайға түсіп, үлкен су қоймасын қалыптастырады. Оның координаты 42N 728753 4755693. Арықтардың ені 1 м-ден аспайды.
Құбыр 6 (Орталық суғару жүйесі) өз бастауын бесінші құбырдың батыс жағынан салынған арықтан басталып, солтүстік бағытта кеуіп қалған өзенге дейін созылған. Өзен түбінде үлкен емес арықтар көрінеді. Болжам бойынша бұл суғару жүйесі сарайды салу кезіндегі ерітінді жасау үшін қолданылған.
Қорыта келгенде зерттеу жұмыстары бір шама алға жылжыды. Ақыртас сарайының белгісіз басқа архитектуралық элементтері анықталды. Басқа да жанында орналасқан архитектуралық құрылыстар зерттелді. Архитектуралық кешеннің гидрологиялық, яғни суғару жүйесі зерттелді. Бірақ әлі күнге дейін Ақыртас кешенінің анық уақыты белгісіз.