Бұл қақпаның орналасқан жері туралы XIII ғ. басында Зайнаддин Васифи жазған болатын. Солтүстік-шығыс қақпаның қазіргі көрінісі екі жағын құлаған қабырғалар мен мұнаралар қоршаған қаланың қамалын шығыстан батысқа қарай кесіп өткен ұзындығы 20-30м, ені 5-14 м, тереңдігі 4,5-7 м сай болып жатыр.

Осы қақпаның орнын ашу мақсатында қыркүйек айында басталған қазбаның ұзындығы 30м, ені 5-8м. Қазба жұмыстарының барысында оның жоғарғы қабатынан қалыңдығы 1-1,5м тереңдікке дейін топырақ пен кесек аралас құланды шықты. Қазбаны одан ары жалғастыру барысында 1,5 м тереңдіктен қала өмірінің соңғы кезеңдегі оған кіретін жолдың және қақпаның қалдығы ашыла бастады. Ені 5м келетін дәліз тәрізді жолдың екі жағынан қоршап тұрған кесектен (40*20*8, 42*21-22*8см) қаланған қабырғалары мен мұнаралардың биіктігі 5,5-8м. Осы жолдың орталық бөлігінде орналасқан ені 2,75м келетін қақпаның екі жағы (қабырға жиегінен қақпаға дейінгі аралықта) күйдірілген кесектен қаланған қабырғаларға бекітілген. Күйдірілген кесектен (26*26*5, 25*25*5, 21*21*5 см) қаланған бүл қаландылар қатты бұзылған, оның 9 қатарын сақталған биіктігі 0,8м солтүстігіндегісінің көлемі 1,7-2*1,2м, ал 3 катар сақталған биіктігі 0,4м оңтүстігіндегісінің көлемі 0,65-0,85*1.3x1. Осы қаландылардың түбі мен жан-жағында 4-5м аралықта құлаған кесек қаландылары, сынған және күйдірілген кесектер ретсіз шашылып жатыр. Жергілікті тұрғындардың айтуына қарағанда бүл құрылыстардың кесегін XIX ғ. кезінде бұзып алған. Қақпаның төңірегін топырақ пен күйдірілген кесек құландысынан тазартқан кезде астынан тапталған жолдың табаны ашылды. Жолды тазарту кезінде оның деңгейінен бірен-саран ыдыс сынықтары, мыс теңгелер (монета) және төрт қырлы жебе ұштары табылды. Қақпа бағаналарының орнын тазарту кезінде жолдың деңгейінен 16-37см тереңдіктен қақпаның он және сол бағаналарының астына қойылған тастар табылды. Солтүстік бағананың астындағы тастың ұзындығы 70 см, ені 34 см, биіктігі 24-25см, оңтүстік бағананың астындағы тастың ұзындығы 55 см, ені 34см, биіктігі 24-25 см, екі тастың ортасындағы ойықтардың аумағы 14 см, тереңдігі 3,5;4,2 см. Тастардың ойықтарында бірнеше қабат тапталған топырақ қабыршақтарының болуына қарағанда оларды ұзақ уақыт пайдаланған. Қақпаның бағаналарының астына қойылған тастар осы қала төңірегіндегі қорымдардың біріндегі зираттың басына қойылған ұзындығы 1,25 м, ені 34 см, биіктігі 24-25 см, бір құлпытастың сынығы. Төртбұрышты келген тастың бетінде және қырларында қатты батырылып сызылған (оның бетінен 1,5 см төмен) арасы 1 см екі қатар сызығы бар.

Сонымен, 2005 жылғы қыркүйек-қараша айлары кезіңде жүргізілген қазба жұмыстарының барысында ортағасырлық Сауран қаласының соңғы кезіндегі жол мен қақпа ашылды. Жұмысты одан әрі жалғастыру кезіңде осы жол мен қақпадан төмен жатқан, одан бұрынғы жол мен қақпа ашыла басталды.