Зерттеу жұмыстары бірнеше бағытқа жұмылдырылды. Жайсан алқабындағы түркі мемориалдарының алып жатқан аумағын анықтаудағы барлау жұмыстары, Жайсан 14 культтік кешеніндегі ғұрыптық қоршау мен жерлеу қорғанын археологиялық тұрғыда зерттеу және «Мерке – Жайсан» ұлттық табиғи және этномәдени парк құру жобасы бойынша дайындық жұмыстар өз жалғасын табуда.
Барлау жұмыстарының нәтижесінде ғылыми айналымға ескерткіштердің жаңа типтері енгізілді. Олар ортағасырлық түркі көшпелі тайпаларының культтік орталығы сияқты ғибадатхананы сипаттай және толықтыра түседі. Жаңадан ашылған нысандарды паспорттау үшін топографиялык түсіру, фотографиялық тіркеу және жазба түрі арқылы ескерткіштерге алғашқы құжаттаулар жүргізілді.
Түркі мұрасын зерттеу бойынша Ә.Х. Марғұлан атындағы археология институты мәдениет және ақпарат Министрлігі мен білім және ғылым Министрлігінің қолдауымен және Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының көмегімен 2006 ж. 25-26 - мамырда «Орталық Азия және Қазақстан: түркі өркениетінің бастауы» атты халықаралық ғылыми - практикалық конференцияны ұйымдастыру мен өткізуге қатысты. Конференцияның жалғасы 2006 ж. 27 мамырда Тараз қаласында басталған «Түркі мұрасын зерттеу және сақтау» атты халықаралық далалық семинар болды. Аталған семинар Жайсан және Мерке бірегей, эталонды түркі ғибадатханаларының территориясында өтіп, 2006 ж. 30-мамырда Ә.Х. Марғұлан атындағы археология институтында қорытынды пленарлы мәжіліспен аяқталды. Далалық семинарға тарих, этнология, археология, экология және туризм төңірегіндегі Орталық Азияның жетекші тюркологтары қатысты. Семинар жұмысы барысында ғалымдар түркі көшпелілерінің мұрасын сақтау, зерттеу, қайта қалпына келтіру жолдарымен және «Мерке – Жайсан» ұлттық табиғи және этномәдени паркін құру концепциясымен танысты. Далалық семинардың қабылдаған қарарында түркі мұрасын зерттеуде кешенді археологиялық экспедициясының жетістіктері, мұраны мемориалды қайта қалпына келтіре отырып тұтас табиғи ландшафтпен қоса сақтау дұрыс бағыт екендігі және қазақ даласындағы түркі көшпелілерінің этномәдениетін сақтау туралы айтылды.
Жайсан ғибадатханасындағы 2006 жылғы далалық маусымдағы археологиялық жұмыстар 2 қоршаудан және 3 қорғаннан тұратын Жайсан 14 культтік - мемориалды кешеніне және Жайсан 24-тегі жалғызданған қоршауға жүргізілді. Негізгі ғұрыптық құрылымның оңтүстік - шығысына қарай орналасқан Жайсан 14 кешеніндегі 1-қорған 2006 ж. зерттеу нысаны ретінде тек оның авариялық жағдайына байланысты таңдалды. Қорғанның диаметрі 16 м, биіктігі 0,75 м. Аталған культтік - мемориалды кешен орналасқан территорияда көп жылдар бойы ауылшаруашылық жұмыстары жүргізілген. Соның негізінде қорғандардың, оның ішінде 1-қорғанның да үйіндісінің бұзылуына алып келген. Тазалау жұмыстары барысында алғашында топырақ үйіндісінің үстіңгі қабаты таспен жабылғандығы, ал периметрі бойынша қорғанның негізін таспен дөңгелетіп қоршағандығы анықталды. Қабір үстіндегі құрылым қорғанның ортасынан табылды. Ежелгі жер қабатының бетінен қабір шұңқырының үстіне қойылған және солтүстік - батыстан оңтүстік - шығысқа бағытталған көлемі 2,5 м*2 м болатын тас үйінді шықты. Сонымен қатар қабір шұңқыры тас аралас топырақпен толтырылған. Жерлеу орны түгелімен тоналған, сүйек бөліктері жерлеу құрылымының әр жерінен табылып тіркелді және заттар шыққан жоқ. Қазба жұмысынан соң қорған қайта қалпына келтірілді.
Жайсан 14 кешеніндегі 2-қоршау негізгі ғұрыптық құрылымнан оңтүстікке қарай 50 м жерде орналасқан. Солтүстік - оңтүстік осі бойынша 1, 4 м және шығыс - батыс осі бойынша 1, 6 м болатын 2-қоршау қырымен тігінен қойылған тас плитадан құралған. Қоршаудың ішкі жағына ұсақ тастар төселген. Қазба жұмысы барысында қоршаудың сыртқы солтүстік - батыс бөлігінен ұзындығы 1,2 м, ені 0, 3 м тас плита табылды. Қоршаудың солтүстік - батыс бөлігінен көлемі 0, 3 м*0,4 м*0, 7 м*0,3 м болатын тағы екі плита табылды. Қоршаудың артындағы тас үйіндінің бір бөлігі майда уатылған тастар түрінде тіркелді.
Жайсан 24 ескерткішіндегі жалғызданған қоршау Шатырқұл сайында, Шатырқұл руднигіне баратын трассадан оңтүстік - шығысқа 300 м, Жайсан 1 культтік - мемориалды кешенінен оңтүстікке қарай 250 м жерде орналасқан. Қоршаудың көлемі 2,45 м*2,65 м. Құрылым қырынан қойылған тас плиталардан тұрады. Қоршауға оңтүстік - батыс жағынан ұсақ тастар төселген, көлемі 0,75 м*1 м сопақша үлгідегі құрылым салынған. Қоршаудың ішкі жағы ірі тас плиталармен және ұсақ тастармен толтырылған. Ең үлкен тас плитаның көлемі ені бойынша 0,45 м-ден 0, 75 м-ге дейін, ұзындығы 0, 90 м-ден 1,10 м-ге дейінгі аралықты құрайды. 0, 45 м-ден 0, 85 м-ге дейінгі аумақтағы қоршаудың сыртқы периметрі бойынша шағын көлемдегі тас плиталар мен ұсақ тас үйінділері шықты. Қоршаудың ішкі бөлігіне жүргізілген қазба жұмысы кезінде табылған заттар мен қосымша құрылымдық ерекшеліктер табылған жоқ.
Жайсан 14 және Жайсан 24 кешендеріндегі қоршаулар археологиялық зерттеулер жүргізілгеннен кейін қайта қалпына келтірілді. Жайсан ғибадатханасының бөлінбес бөлігі жартастарда орналасқан тастағы сурет өнері мен рулық таңбалар болып табылады. Таңбалар тек петроглифтер арасында ғана емес, сонымен қатар стелаларда және тас мүсіндерде де кездеседі. Жайсан ғибадатханасы территориясында Қасқыр сай және Жиделі сай жерлерінен екі үлкен петроглифтер шоғыры бұрындары табылған болатын. 2006 жылғы далалық маусымда, барлау жұмыстарының нәтижесінде Үңгірлі жерінен тағы бір петроглифтер шоғыры табылды. Жайсан ғибадатханасындағы бұрыннан белгілі және тіркелген рулық таңбалар жинағы жаңадан табылған таңбалармен толықты. Жаңадан анықталған дерек көздеріне құжаттаулар жүргізілді.
Жайсан ғибадатханасындағы таңбаға алдын ала талдау жұмыстары жүргізілді. Қазіргі археологиялық ғылымда ортағасырлық түркі халықтарының таңбаларының кең таралғандығын дәлелдейтін көлемді материалдар жиналғандығын атап өту қажет. Аталған дерек көздеріне арналған мамандандырылған зерттеулердің жоқтығын есептей отырып, «Шу өзені алқабындағы түркі мұрасын зерттеу» тобының негізгі міндеттерінің бірі – Жайсан және Мерке ғибадатханаларының ескерткіштерін қалдырған халықтың тек мәдениетін сипаттап қоймайтын дерек көзі ретіндегі таңбаларды зерттеу болып табылады. Рулық таңбалардың ақпараттық потенциалы басқа түркі ескерткіштерінің материал дарымен бірге шығу көзінің тұрғысынан зерттеледі. Бұл мәдениеттің даму процесін қайта қалпына келтіруге мүмкіндік береді. Ғибадатхана құрамында табылған таңбалар стелаларда, мүсіндерде және жартастардағы петроглифтермен бірге кездеседі. Олар шығысқа, оңтүстік – шығысқа және оңтүстікке қаратылған күйде.
Ерекше көңіл аударатыны ғибадатхана территориясында үш жағдайда кездескен ромб бейнелі алқа үлгісіндегі таңба болып табылады. Осындай үлгідегі тұмар Теректі 1 және 2 тас мүсіндерінде де қашалған. Ромб бейнелі алқаға ұқсас жақын түрі Минусинск қазаншұңқыры, Үлкен Улазы тауындағы таңбалар арасынан табылды (Леонтьев, Миклашевич, Мухарева, 2005, 131 б., XVII сурет). Ромб әйел бастауының айрықша белгісі болып табылатындығы туралы да пікір бар (Сартқожаұлы, 2002, 60-63 бб.). Шамасы, ромб түріндегі таңба Жайсан ғибадатханасының киелілігін білдіретін тұмар ретінде қызмет атқарған болуы керек.
Ғибадатханадағы таңбалардың арасында кездесетін керілген садақ үлгісіндегі таңба түркі халықтарында жиі кездесетін «Ай таңба» деп аталатын түрінің бірі болып табылуы мүмкін (Кузеев, 1974, 191 б., табл. 7). Керілген садақ тік тұрған және иілген саусақ немесе қабырға секілді жаңа туып келе жатқан айды бейнелеген деген тұжырымдар да бар (Зуев, 2002, 193-194 бб.). Сол жағына қайырылған ілмек үлгісіндегі Момбай сазы жерінен табылған жаңа таңба Онгинск ескерткіші, Хушо-Цайдам ІІІ-тегі антропоморфты балбалдағы таңбамен типологиялық жағынан жақын (Войтов, 1996,86-87 бб., 51.2,53.1 – сурет). Осындай түрдегі таңба кешенде көк түркілердің символы болып табылатын тау ешкісі – «Тау теке» үлгісіндегі таңбамен жиі кездеседі.