Ғибадатхана қысы адам жаны тұрғысыз суық, жазы мал тұрмас ыстық, күзі салқын жерде, Үстірттің солтүстік шетіндегі ұшпаларға он төрт шақырым жетпейтін биік аумақта, Үстіртке шығатын бірнеше асулардың бірі Қызылқуыстың аузында орналасқан. Қазіргі таңда жақын маңда алпыс бес шақырымға дейінгі жерде ауыл-аймақ жоқ болғандықтан дала күзетшісі ретінде тегістікте қызара тұр.

Мемлекеттік «Мәдени Мұра» бағдарламасы бойынша ғибадатханадағы зерттеулердің биылғы 2006 жылы үшінші маусымдық жұмыстары жүргізілді. Ғибадатхана бірнеше ғасырлар бойы өз ғұрыптық қызметін атқарған үлкен де, күрделі кешен. Кешен қазбаға дейінгі диаметрі 56 метр, биіктігі 5 метр болатын негізгі салт-жоралық ғимараттан, осы ғимаратты оңтүстігінен басқа жағынан қоршап тұрған ендері 14-17 метр, тереңдігі 0,9-1 метр болатын op мен ондағы әр дәуірдің тас құрылымдарынан, op шетіндегі дөңгелек, төртбұрыш және ұзынша келген ғұрыптық орындардан және оған қойылған тас мүсіндерден тұрады.

Биыл негізгі салт-жоралық ғимараттың ішкі бөлігін түбіне дейін алу, шеттерін құлаған ұлутастардан әр қабатын жіті зерттей отырып аршу, сыртқы бөлігін толықтай ашу, содан кейін орды қазып, ондағы құрылымдарды ашу мақсатында қазба жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар негізгі салт-жоралық ғимаратты қалпына келтіру үшін архитектуралық тұрғыдан зерттеулер жасалды. Негізгі салт-жоралық ғимарат айналасындағы жер астындағы тас құрылымдарды анықтау, артефактілерді табу және келесі жылдың зерттеу аумағын пысықтау мақсатында геомагниттік зерттеулер де жасалынды. Енді сол жүргізілген жұмыстарды, алынған нәтижелерді қысқаша сипаттап өтейік:

Негізгі салт-жоралық ғимараттың ішкі бөлігі. Жер бетінен сақталынған биіктігі 4,7 метр болатын Ғимараттың ортасы өз заманында ашық болған. Диаметрі 7 (С-О) * 6,5 (Ш-Б) метрді құрайтын, сопақша пішінді ғимараттың ішкі бөлігін соңғы екі жылда 2-2,5 метрге дейін тереңдеп, әр қабатын сипаттан өткен еді. Биылғы қазба барысында біз түбіне дейін жеттік. Әрине, НСЖҒ (Негізгі салт-жоралық Ғимарат) ғибадатхананың ортасы, абыздардың әр уақытта, әртүрлі ғұрыптарды іске асыратын негізгі орны болғандықтан Ішкі бөлік кеңінен зерттелінді. Зерттеу барысында тас пен топырақ аралас қабаттан, әр деңгейлерден сынған, не сындырылған тұтас ыдыстардың сынықтары бір маңнан табылып жатты. Әр мәдени қабаттан табылған қыш ыдыс сынықтары әртүрлі жолмен жасалған және әр тарихи кезеңге жатады. Диаметрлері 0,8-1,5 метр, қалыңдықтары 0,004-0,01 метр қара күйенің, күлдің орындары (ошақтар!) әр бөліктен, әр мәдени деңгейлерден кездесіп отырды. НСЖҒ ішінің солтүстік-шығыс, оңтүстік-шығыс, солтүстік-батыс, оңтүстік-батыс бөліктерінде, жер бетінен 0,3 метр биіктікте диаметрлері 1*1 метр, қалыңдықтары 0,05-0,07 метр ішінде, не шетінде малдың күйген сүйектері бар ақ күл, қара күйелер от орнының болуы ішінде арнайы біраз уақыт бойы от жағып, арнайы рәсім орындалғанынан хабар берсе керек. Оған қоса ерте темір дәуірінен бастап біздің эрамызға дейінгі уақыттың темірден жасалған жебенің ұштары (үшқырлы шегелі, қалқантескіш тәрізді үлкен, салмақты, дөрекілеу жасалған үшқырлы жебенің ұштары), сүйектен жасалған «найзаның» ұшы, қоладан жасалған белгісіз зат, тас қайрақ, құрбандық тақтатасының бір бөлігі және т.б. табылды. Айта кетер жәйт, осы табылған олжалардың көбі дерлік, сонымен қатар бірнеше адамның сүйектері де біріншіден, әр жерден табылып жатты, екіншіден in situ орналаспағандығы қызық. In situ сақталған тек бір ғана адам қаңқасы жер бетінен 1,38 метр биіктікте, НСЖҒ-тың ішінен, солтүстік бөліктен аршылды. Жанына ортағасырлық шығыр ыдысы қойылған адамның басы шығысқа қаратылған, сол қырымен. бүктетіле жатыр. Адамдардың сүйектерімен қоса НСЖҒ ішінен қойдың. түйенің, жылқының, киіктің, тазқараның, қарсақтың, қасқырдың сүйектері де тазартылып алынды. Мал сүйектерінің кейбірі толықтай, не шала өртелген.

Ішкі бөлік қабырғалары түбінен бастап алты қырлы етіліп, қиюластыра әдемілеп қаланып шыққан. Жер бетінен 4 метр биіктіктен бастап тік қаланып келе жатқан қабырға плиталары он сантиметрдей ішке ендіріле ұшына дейін қаланған. Осыған қарап, НСЖҒ алғашында күмбезді болғандығын білуге болады. Бұрынғы уақытта іші бос кеңістік болған Ішкі бөліктегі қазір жер бетінен 5 метрге дейін бітелген ұлутас плиталар құлаған күмбездің плиталары.

Ішкі бөліктің оңтүстігінен Ғимаратқа енетін тесік аршылды. Кіру орнының ішкі жағы үшбұрыштана қаланған, биіктігі 1,8 метр, астыңғы ені 0,9 метр, ал үстіңгі ені 0,35 метр. «Есіктің» солтүстік бөлігіндегі табалдырығы арнайы жасалған платформа үстіне жұқа ғана етіп, сол саздан езіп жаққан еденнен 1 метр биіктікте (тізе бүгіп кіре алмас биіктік) Ғимарат тұрғызылып болғаннан кейін жасалған. «Есік» солтүстіктен оңтүстікке қарай бағытталған, қалыңдығы 6,5 метр болатын НСЖҒ қабырғасын түгел бойлай отырып, оңтүстікке қарай аздап биіктей береді. Кіру қуысы оңтүстікте жер бетінен 2,4 метр биіктіктен, сыртқы қабырғаның шетінен шығады. Оңтүстігінде кіру қуысының қаншалықты биік болғандығын қабырғаның сақталмауы себебінен айту қиын. Кіру орнынан, ішінен солтүстікке қарай 2-2,5 метр жерде қазба барысында «сынып кеткен» көптеген қыш ыдыстар, от орындарының табылғанын жоғарыда айттық. Жер бетінен 0,41 метр биіктікте, табалдырықтан 2,4 метр ішке қарай киіктің текесінің бассүйегі (мүйізі сақталған) мен тазқараның бассүйегі бір жерде қойылғандығы қызық..

Негізгі салт-жоралық Ғимараттың сыртқы бөлігі, яғни сегіз секторлардағы жұмыстар. Ғимараттың сыртқы қас бетті қабырғаларын ашу жұмысы әр сектордағы құлаған тастарды тазалау, бірінші тас қабатын суретке салу, одан кейін төбесінен бастап in situ жатқан топырақ аралас плиталар қабаттарын қалдыра отырып, құлағандарын қабат-қабатымен алып, түбіне дейін жету, етегін ашу жолымен жүргізілді. Өкініштісі, арнайы дөңгелете өңделген қас беттік плиталардан тұратын бір қатар тастар түбінде екі, кейде он қатары ғана сақталып, қалғаны түгелімен құлаған. Бұған себеп биік құрылымның қас беттік плиталары қабырғаның ішкі тастарымен байланыстыра қойылмауында жатса керек. Сонымен биылғы жылы Негізгі Ғимараттың B1, В2, С1 және С2 секторлары толығымен тазаланып болды. D секторының бірқабат тастары алынып, түгелімен суретке салынды. Әр секторларда сыртқы қас беттік плиталардың түбіне дейін түк қалмай құлауы құлау процесінің тез жүргендігін, яғни бір мезетте құлағандығын көрсетсе керек. Ашылған қабырғаларға қарағанда, НСЖҒ-ты тұрғызу барысында ені 6,5 метр болатын қабырғалардың ішіне көп мән беріп дұрыс қалаған. сыртын әсемдеп өтіп, ішкі кеңістігіне жақындағы карьерден әкелінген ұлутастары кіші, үлкен өлшемде горизонтальды түрде кейде тек тастардан, кейде қалыңдығы 1 метрге дейін ордан алынған топырақтармен толтырған. Сыртқы қабырғаларды ашу барысында НСЖҒ-тың шын мәнінде дөңгелек пішінді болғандығына көз жетті. Сонымен қатар НСЖҒ-ты тұрғызбас бұрын арнайы жерді дайындап, астына диаметрі мөлшермен 30 метр болатын, аса биік емес платформаны саз топырақтан жасаған. Осы платформа салынған Ғимаратты айналып жүруге, бір жағынан, жол да салған. Яғни, сыртқы қабырғадан ені 3-4 метр болатын аяқ жолмен адамдар көп жүрген. Тіпті от жағып (В2 секторынан қас беттік қабырға түбінен қара күйе дағының, табылуы дәлел), белгілі бір ғұрыпты да орындауы мүмкін. Әр секторларды тазалау барысында 0,2 метр тереңдіктен, тастар арасынан нашар күйдірілген, ерте көшпелілердің қыш ыдыстарының сынықтары кездесіп жатады. Биылғы зерттеулерде НСЖҒ сыртқы бөлігінен монголоид пен европоид нәсілдері аралас келбетті тас мүсіндер табылды. С1 секторынан, яғни НСЖҒ-тың солтүстік-шығысынан құлаған плиталар арасынан сол қолын кеудесіне қойып тұрған, мұңлы келбетті мүсін бір бөлігі өңделген, үшкірлене келген қас беттік плитаға салынған. Екінші мүсін D секторынан Ғимаратқа кірер жерді анықтау барысында «есіктің» маңынан оңтүстікте 5 метр жерден, топырақ жалдың үстінен табылды. Бұл мүсін нағыз сарматтық. Сол жағында қынабында садағы, жебесі бар, оң қолын кіндік тұсына қойған.

Ғимараттың шетінде тек оңтүстік жағынан басқа бөліктерде ешқандай қосымша құрылыс жоқ. Оңтүстігінде, кірер орынның түбінде ені 3-4 метр, биіктігі 0,7 метр топырақ пен ұсақ тастардан тұратын жал бар. Жал сыртқы қабырғаның түбінен басталып, біртіндеп биіктейді. Не мақсатпен салынғандығы әзірше белгісіз.

Ор және ор ішіндегі құрылымдар. Биылғы далалық маусымнан бастап орды зерттеу жұмыстарын бастадық. Ор НСЖҒ-ты салу үшін, практикалық мәнде қазылған. Ені әр жерде әрқалай. Мөлшермен ені 15-18 метр, тереңдігі 0,9-1 метр болған. Оған дәлел оңтүстік-шығыс, солтүстік, солтүстік-батыстан салынған ені 1 метрлік траншеялар. Орда жасалған қазбалар А2, BI, В2 және С1 секторларында топырақ қабатын 0,4 метр тереңдікке дейін алу және тас құрылымдардың бірінші қабатын ашу арқылы жүргізілді. Нәтижесінде әр сектордан көлемдері әртүрлі, төртбұрыш, дөңгелек және ұзынынан доғалдана келген құрылыстар аршылды. Ор іші құрылымдарында ұлутастарды ұзынынан, не көлденеңінен бірқатар етіп салу жолымен қаланған қарапайым құрылыстардан (С 1, В2 секторларындағыдай), ішінен диаметрі бір ғана метр дөңгелек қоршаулары, ірі көлемді төртбұрыш қоршаулар кездесетін күрделі құрылысқа (А2, В1 секторлары) дейін баршылық. Бұл құрылыстардың кейінгі уақытта салынғандығының тағы бір куәсі - құрылыс материалдары ретінде мұнда сарматтық тас мүсіндердің сынған бөліктерін пайдалануы. Мұндай жартылай өртенген, басы, кеудесі сақталған, ұзын «мұртша» құрылымға қалап қойған екі мүсін сынығы А2 секторының орынан табылды. Аталмыш құрылымдардың кейбір жерлерінен ғана қыш ыдыстардың ернеуі, бүйірінің сынықтары (С 1, В2 секторларында) табылды. Басқа деректер - оттың іздері, мал сүйектері әзіргі зерттеу бойынша байқалмады. Бұл жалпылама айтқанда, ғұн, оғыздардың қойған құрылымдары Қызылүйік ғибадатханасының кейінгі жүзжылдықтарда да өз қызметін атқарғанын немесе сол бір дәстүрді кейінгі осы жер иелерінің сақтағанын көрсетеді.

Ғибадатханадағы жоғарыдағы жұмыстардан басқа ғибадатхана айналасын 15-20 км шеңберде археологиялық тұрғыдан барлау, осыған ұқсас ескерткіштерді тізімдеу, сипаттау жұмыстары жүргізілді. Біркүнгі барлау барысында оншақты ерте темір дәуірінің объектілері тізімделіп, соның біреуі диаметрі 12, биіктігі 0,4 метр болатын Қайнар I, №1 обасын құрылымдық жағынан салыстыру мақсатында зерттедік. Бұл оба Қызылүйік ғибадатханасынан батыста он шақырым жерде, Қайнар атты бұлақтың және оба-ғибадатхана жанында орналасқан. Осы жерде бес-алты обадан және ондаған дөңгелек қоршаулардан тұрған қорым болған сияқты. Тек жергілікті малшылар ол тастарды қарауыл белгіге пайдаланып бүлдірген. Оба дөңгелек қоршаудан тұрады. Ішкі бос кеңістігінің диаметрі 4 метр. Қабырғаларының сақталынған биіктігі 0,5-0,6 метр (үш қатар плиталар), қалыңдығы 2 метр. Қазба барысында қоршаулардың сыртынан оңтүстік-шығыс бөліктен қоладан жасалған ауыздық, ішкі дөңгелек қоршаудың солтүстік, солтүстік-батыс бөлігінен үшқырлы ұңғымалы қола жебенің ұшы мен қыштан жасалған дөңгелек пішінді бұйым табылды. Сонымен қатар шашылған адам сүйектерінің қалдықтары орталық бөліктен шықты. Бұл оба Қызылүйік ғибадатханасы НСЖЕ-тың кіші формасы болуымен және мерзімін анықтайтын заттар мен бұйымдардың табылуымен құнды.

Сонымен биылғы қазба барысында Қызылүйік ғибадатханасы Негізгі Салт-Жора жасайтын Ғимараттың іші алтықырлы етіліп торт метр биіктікке дейін түзу қаланып, одан кейін күмбез қабырғасына ұласқандығы, сыртының дөңгелек пішінді екендігі анықталды. НСЖЕ-тың бастапқы диаметрі 21 метр, биіктігі 12-16 метр болғандай. Бұған ішкі бөлігінен шыққан тастар мен әр сектордан алынған тастарды жеке жинап есептеу дәлел. Кіру тесігі оңтүстіктен, жер бетінен 2,4 метр биіктікте болған. Осы құрылыс ерекшеліктеріне қарағанда Бәйте ғибадатханасынан аумайды.