Бұл аймақтағы ортағасырлық ескерткіштеріміздің негізгі орналасқан жерлерінің бірі Кіндіктас тауының солтүстік батыс етегіндегі Жайсан даласындағы түріктердің ғибадатханасы.

Аталмыш ескерткіштердің бір тобы Жайсан 27 кешені Д. Қонаев атындағы ауылдан солтүстік - шығысқа қарай 40 км жердегі Теректі сайының жоталарында орналасқан. Бұл жердегі түрік ғүрыптық - мемориалды кешендері орналасу реттілігіне қарай екі топқа: Теректі 1 және Теректі 2 деп бөлініп белгіленді. Жалпы алғанда ескерткіштердің ара қашықтығы 500 м шамасында. Теректі 1 кешені тізбектеле орналасқан жеті обадан және обалардан солтүстік - шығысқа қарай 60 м қашықтықта бір-біріне жанаса орналасқан ғұрыптық қоршаулардан тұрады. Қорғандардың негізгі тобында 6 оба шығыстан батысқа қарай бағыттала орналасқан. Қорғандардың жалпы диаметрі 5 м-ден 18 м-ге дейін, биіктіктері 0,6 м-ден 1,2 м-ге дейінгі аралықта. Жетінші оба қорғандардың негізгі тобынан солтүстікке қарай 75 м, ғұрыптық қоршаулардан батысқа қарай 35 м жерде орналасқан.

Археологиялық зерттеу жұмысы Жайсан 27 кешені, Теректі 1 тобында орналасқан 1-қорғаннан басталды. Қорғанның диаметрі 11 м, биіктігі 85 см. Географиялық координаттары: С - 43.39.606, Ш - 74.19.297. Қорғанның топырақ қабатын тазалау барысында негізгі қорған үйіндісінің бетін жапқан тастардың орнынан қозғалғаны байқалады. Бұл тонаушылардың іздері екені анықталды. Қорғанның негізі тастармен айнала қоршалған. Қаланған тастардың ені 1,3 м, толық диаметрі қорғанның диаметрімен сәйкес. Мәйіттің басын солтүстік - батысқа қарай бағыттап жерлеген. Жерлеу камерасының ұзындығы 1,9 м, ені 0,95 м, тереңдігі 93 м. Адамды жерлеген қабір орны қорғанның ортасынан табылды. Қабір түбінен темір сынықтары мен адам сүйектерінің қалдықтары табылды. Қазба жұмыстарынан кейін қорған бастапқы қалпына келтірілді.

2 - қорғанның диаметрі О-С осі бойынша 10 м, Ш-Б осі бойынша 9,6 м, биіктігі 0, 38 м құрайды. Географиялық координаттары С - 43.39.600, Ш - 74.19.310. Қорғанның көлемі шағын болғанымен басқа қорғандардан айырмашылығы жоқ, тек солтүстік - шығыс жақ бетінің тастары біршама алынған. Қорғанның бетін жапқан тастар тазаланған соң, қима салу арқылы жерлеу орны анықталды. Қабір шұңқырының ұзындығы 1,8 м, ені 1,1 м, тереңдігі 0, 85 м көлемінде. Мәйіттің басын солтүстік- шығысқа қарата жерлеген, қабірдің оңтүстік жақ бетінде адамның аяқ сүйектерінің қалдықтары сақталған. Бұл қорған да тоналған болып шықты. Қорған қайта қалпына келтірілді.

3 - қорғанның географиялық координаттары: С - 43.39.592, Ш-74.19.341, диаметрі 14 м, биіктігі 1,5 м. Жалпы бұл қорған Жайсан даласында орналасқан көлемі орташа қорғандар түріне жатады. Қорғанның шым басқан топырақ қабатын тазалау барысында негізгі тас қаландысы көрінді. Қорғанның тас қабырғасын төменнен жоғары қарай қалап, етек жағын тастармен шеңбер тәрізді етіп орналастырған. Қазба барысында, ежелгі жер бетінің деңгейіне жеткенде қабір орнының үстін үлкен тас плиталармен жапқаны анықталды. Тас плиталардан қаланған құрылымның жалпы көлемі солтүстіктен оңтүстікке және шығыстан батысқа қарай 4*4,5 м. Әр тас плиталардың биіктіктері 1м, ені 50-60 см-ге жуық. Тастарды негізгі орнынан алу нәтижесінде жерлеу орны анықталды. Қабір шұңқырының ұзындығы солтүстіктен оңтүстікке 2,25 м, ені шығыстан батысқа қарай 1 м, тереңдігі 0,95 м. Қабір шұңқырының үстінің оңтүстік - шығыс бұрышынан ағаш қалдықтары шықты. Соған қарағанда жерлеу орнының үсті ағаш бөренелермен жабылған болуы керек. Қазба барысында 0,55 см тереңдікте металл сынықтары, сүйектен жасалған жапсырма бұйымдардың фрагменттері және қабір шұңқырының түбінен адам сүйектерінің қалдықтары табылды. Қорған тоналған болып шықты. Қазба жұмыстары жүргізілгеннен кейін, зерттелген қорғанның шығыс жағындағы үйіндінің алғашқы түрі және үйіндінің астындағы, қабірдің үстіндегі саркофаг тәріздес конструкцияның реконструкциясы орнатылып бастапқы қалпына келтірілді. Себебі мұндай күрделі етіп соғылған қорғандар Шу өңірінде сирек кездеседі. Мысалы Жайсан 14, 10 кешендеріндегі қорғандар және олардың жанына салынған ғұрыптық қоршаулар сол дәуірде өмір сүрген көсемнің немесе батырдың әлеуметтік дәрежесін көрсете алады. Әсіресе Жайсан 14 пен Теректі 1 кешеніндегі 3 қорғанның архитектуралық құрылымдары мен қабір үстіне салынған тас үйіндісінің өте ұқсас екенін аңғаруға болады.

Сонымен қатар қорғандардың солтүстігінде тізбектеле орналасқан ғұрыптық қоршауларға археологиялық зерттеу жұмыстары және бастапқы қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді (1 -фото). Ғұрыптық қоршаулардың шығысында екі тас мүсін табылды. Бірінші тас мүсін қоршаудың сыртында қисайған қалпында тұр. Мүсін ірі дәнді, сарғыш - қоңыр түсті граниттен жасалынған. Мүсінде мұрты бар ер адам бейнеленген. Мүсіннің кеуде тұсында ыдыс бейнеленіп, ыдыстың түбінен сол қолымен ұстаған, ал оң қолы ыдыстың тұтқасынан ұстап тұрған қалпында суреттелген. Екінші тас мүсін де ірі дәнді көк граниттен жасалынған. Мүсіннің басы сынып қалған, мұнда да мүсіннің кеуде тұсында ыдыс бейнеленген. Кеуде тұсында, ыдыстың үстіңгі жағында ромб үлгісіндегі белгі қашалған.

Мүсіндер тұрғызылып бастапқы қалпына келтірілді. Қоршауды тазалау барысында көлемі анықталды. №1 қоршау трапеция тәріздес оңтүстікке қараған қабырғасының ұзындығы 3,6 м, солтүстік қабырғасының ұзындығы 3,7 м, батыс қабырғасы 2,6 м, шығыс қабырғасы 3,5 м. 2-қоршаудың көлемі 2,6*2,55 м. Қоршаудағы бірінші тас мүсіннің қарсы алдында, ортасында тас батаны бар кішкене қоршау салынған. Оның көлемі 1,6 м * 1,4 м. Қоршаулар ірілі - ұсақты тастармен толтырылған. Ғұрыптық қоршаулардан ешқандай заттай деректер табылған жок,.

Аталған қоныстардың бірі Жайсан 27 кешенінде, Теректі өзенінің жағасында салынған. Бүл қоныстарға арнайы Венгриялық Будапешт қаласындағы мемлекеттік университетінің мамандары мен бірігіп топографиялық карта жасалынды. Қоныстың архитектуралық құрылымы жақсы сақталған. Қоныс қабырғасы тастардан қаланған бірнеше бөлмелерден және өзен жағасында бұрын болған бақша орындарынан тұрады. Ортасында орналасқан бөлменің сол жақ қабырғасының етек жағына жапсырыла салынған тас қаландысы бар, бұл бөлмелерді жылытатын арнайы пеш құбыры болуы мүмкін. Ал қоныстың қарсы алдында өзен жағасында бұрын болған бақша орындары байқалады. Сонымен бірге бақша алаңдарына арнайы су баратын арық іздері, су қоймаларының орындары сақталып қалған. Қоныстан табылған тас диірменнің қазіргі кезеңде кейбір аймақтарда әлі де қолданылып жүрген тас диірмендерден еш айырмашылығы жоқ.

Археологиялық зерттеу жұмыстарының әдістеріне сәйкес ортағасырлық түрік тайпаларының мәдени кешендерін жан-жақты анықтауға бағытталған ғылыми жоспарларға байланысты Жайсан даласында барлау жұмыстары да жүргізілді.

Барлау жұмыстары нәтижесінде, төменгі Теректі сайын жағалай біткен жартас беттерінде бірнеше петроглифтер тобы табылды. Онда бейнеленген бұғылар, топтаса салынған таутекелер үйірі және сол дәуірдегі адамдардың аң аулау сәттері тамаша суреттелген. Тасқа қашалып түсірілген суреттер орналасқан жартастарда түркілердің рулық таңбалары да табылып есепке алынды.

Сонымен қатар, Аламан тауының етегінде орналасқан ғұрыптық қоршаулар мен тас мүсіндер тобы анықталды. Аталмыш ескерткіштер тобы Жайсан 27-ден шығысқа қарай 7 км қашықтықта орналасқан. Бұл ғұрыптық кешендерге Аламан 1, 2, 3 деген атау берілді. Аламан 1-де орналасқан ғұрыптық қоршаудың солтүстіктен - оңтүстікке қарай ұзындығы 17 м. Географиялық координаттары: С - 43.39.892. Ш - 074.23.704. Ғұрыптық кешеннің құрамында үлкенді - кішілі бес қоршау мен тас мүсіндер орналасқан. Аламан 2 ғұрыптық кешенінің географиялық координаттары: С - 43.37.795. Ш - 074.23.257. Бірінші мүсін қоршаудың солтүстік жақ сыртында орнатылған. Екінші мүсін қоршаудың батыс жақ бөлігінде, жерге жартылай көмілген күйінде жатыр.

Аламан 3 ғұрыптық кешенінің географиялық координаттары: С - 43.38.227. Ш - 074.21.21 1. Бірінші мүсіннің биіктігі 0, 9 м, ені 0, 32 м. Мүсіннің бас бөлігі сындырылған, қалған бөлігінде қыр мұрны, жіңішке еріндері мен шиырла өскен мұрты қашалған. Кеуде бөлігінде дөңгелек үлгідегі алқасы мен оң қолымен жүрек тұсына бүгіп ұстаған ыдысы бейнеленген. Екінші мүсіннің тек бас бөлігі сақталған. Бас пен мойынды қосқандағы ұзындығы 0, 56 м, ені 0, 23 м. Мүсіннің көздері миндаль үлгіде суреттелсе қас пен мұрын бір рельефті сызықтың бойымен жеткізілген. Үшінші мүсіннің ұзындығы 2 м, ені 0,6 м. Мүсін қызғылт түсті граниттен сомдалған. Бет-бейнесі толық сақталмаған, тек арқасына бес өрім етіп өрілген шаштары көрсетілген. Сонымен қатар оң қолын кеуде тұсына көтерген күйінде және белдік тұсына паралелл ілінген қанжары суреттелген (1 -сурет).

Келесі бір ескерткіш Теректі жотасынан шығысқа қарай 17 км шамасында, Кербұлақ, шатқалынан оңтүстікке қарай 4 км жердегі зерноток деп аталып кеткен жерден табылды. Ондағы екі тас мүсін бастапқы орнынан қозғалған. Бірінші мүсін әйел адамға арналып қойылған. Бұл мүсіннің басы сындырылған. Мойын тұсында үш қатар етіп сызылған қандай да бір әшекей бұйым суреттелген. Ал кеудесінде салбыраңқы қос анары мен қарын тұсында екі қолымен ұстаған ыдысы және екі аяғын молдас құрып отырған сәті бейнеленген. Екінші мүсіннің де бас бөлігі сақталмаған. Мұнда да екі қолымен қарын тұсына бүге ұстаған ыдысы мен үшкір аяқ киіммен молдас құрып отырған күйін көрсеткен. Жалпы түрік дәуірінде жасалған мүсіндерде көркем суреттелген аяқ киімдері мен олардың қоныштары анық бейнеленген. Аталған екі мүсін де ұсақ дәнді, ақшыл сарғылт түсті граниттен жасалған.

Түріктік тарихи - мәдени кешеннің негізгі элементтері ретінде қазірге дейін зерттелініп, белгілі болып отырған археологиялық материалдар бойынша жерлеу ескерткіштерін, ғұрыптық құрылыстарды, тас мүсіндер мен бағаналар орнатып немесе петроглифтер мен таңбаларды қашаған киелі орындарды бір ғана атаумен түріктердің қасиетті ғибадатханасы деп атауға болады.

Барлау жұмыстарының нәтижесінде жаңа петроглифтер шоғыры мен рулық таңбалар, Теректі өзенін жағалай салынған кейінгі ортағасырлық қазақтардың қоныстары табылды.