Зерттеу сонымен қатар жартастағы сурет өнері мен таңбаларға жүргізілген барлау жұмыстарымен толықты.

Жайсан 27 кешені Д. Қонаев атындағы ауылдан солтүстік-шығысқа қарай 40 км жердегі Теректі сайының жоталарын бойлай орналасқан. Теректі сайының жоталарында шоғырланған ескерткіштердің көптеп тіркелуі себепті, ескерткіштер орналасу реттілігіне қарай топ-топқа біріктірілді. Әр топ бірнеше жерлеу орындары мен ғұрыптық құрылыстардан тұрады. Осылардың ішінде археологиялық зерттеу жұмыстары Теректі 1 тобындағы жеті қоршаудан тұратын ғұрыптық құрылыс пен Теректі 3 тобындағы 1-қорғанға жүргізілді. «Мәдени мұра» - «Жайсан түріктік мәдени кешені» мемлекеттік бағдарлама аясында Ә.Х. Марғұлан атындағы археология институтының «Түрік мұрасы» бөлімі 2008 жылы тамыз айында Қазақ- Венгр жобасы бойынша ортағасырлық Төлеби - «Хиам» бекінісінің ішкі ауданындағы, солтүстік бөлігіне жақын жерде жекелеген археологиялық ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізді. Археологиялық ғылыми-зерттеу жұмыстарына Будапешт қаласының Этвеш Лоранд Университетінің ғылыми қызметкері Максим Мордовии мен Ә.Х. Марғұлан атындағы археология Институтының ғылыми қызметкері Нұрболат Бөгенбаев басшылық етті. Зерттеу жұмыстары барысында қазылған учаскелердің горизонтальді және вертикальді топографиялық белгілеулері жүргізіліп, табылған материалдар тазартылды, фотоға түсірілді және сипаттамасы жасалды. Теректі 1 тобында орналасқан ғұрыптық құрылыс қорғандардан солтүстік-шығысқа есай 30 м жерде орналасқан. Беткі шым қабатын тазалау жұмыстарынан кейін бір-біріне жанасып жатқан тік бұрышты жоспардағы жеті қоршаудың күрделі құрылысы шықты. Қоршаулар тізбесі шығыстан батысқа қарай бағытталған. Құрылыстың алып жатқан жалпы аумағының оьндьны 27 м, ені 3-4 м. Қоршаулардың қабырғасы қырынан тұрғызылған кесек тастардан түрады. Ішкі алаңы ұсақ тастармен толтырылған. Ғұрыптық қоршаулардың әрқайсысының орта тұсында жарым-жартылай сындырылған, беттері шығысқа қаратылған тас мүсін мен стелалар орнатылған. Қоршаулардың ішіндегі ең көлемдісі құрылыстың шығыс жағында орналасқан. Аталған қоршаудың ортасында ұзындығы 3,3 м болатын, қара түсті граниттен қашалған ірі тас мүсін құлаған күйі тіркелді. Тас мүсін ер адамның құрметіне арнап тұрғызылған. Тас мүсіннің бет-әлпетінің сынғанына қарамастан, тастағы қашалған атрибуттардың бейнелену стилі тас мүсінді түрік қоғамының жарқын бір өкілінің құрметіне арнап қашалған деген қорытындыға алып келеді. Тас мүсіннің мойнында ірі тастардан алқа бейнеленген, сонымен қатар сырт киімінің жағасы мен кең келген жеңі, шығыс үлгісінде малдас құрып отырған аяқтары, үшкір ұшты аяқ киімі бедерленген. Оң қолымен кеуде тұсында кубок үлгісіндегі ыдыспен, ал сол қолы қарын тұсында жапсыра ұстаған күйі көрсетілген.

Теректі 3 тобы Теректі 2 тобынан оңтүстік-батысқа қарай 0,2 км қашықтықта орналасқан алты қорғаннан тұрады. Қорғандар тізбегі оңтүстік-батыстан солтүстік-шығысқа бағытталған. Диаметрі 8 м, биіктігі 0,45 м болатын 1-қорған тізбектің оңтүстік-батыс шетінде орналасқан.

 

Қорғанның географиялық координаты: С.43.39.574., Ш. 074.19.180. Тазалау жұмысы барысында қорғанның негізі қабір шұңқырын айналдыра екі қатар етіп қойылған, көлемі бір метрге жуық тастардан және олармен араласып жатқан топырақ пен ұсақтастардан тұратындығы анықталды. Бұл да жерлеу құрылысының өзіндік ерекшелігі болып табылады. Үйінді ортасынан шыққан қабір шұңқырының шығыстан батысқа бағытталған ұзындығы 2,2 м, тереңдігі 0,8 м. Қабір шұңқыры түбінен шалқасынан жатқан күйдегі, басы солтүстікке қаратыла жерленген мәйіт кезікті. Мәйіттің сол қолының саусақ сүйектерінен төмен қарай ұзындығы шамамен 26-28 см болатын темір қанжар табылды. Қару барынша бүлінген, шіріген күйде. Қанжардың жанынан нашар сақталған, кезіндегі қанжар қынына жапсырылған болуы керек 3 домалақ тоға-жапсырма (темір) табылды. Қанжардың жанынан диаметрі 2 см-ге жуық металл, жасыл түсті түйме табылды. Мәйіттің оң қолының саусағы тұсынан сүйектен жасалынған, өңделген сақина тәріздес және білегі тұсынан тас моншақ (бусина) шықты (1-2 фото). Табылған заттар мен жерлеу құрылысына қарай отырып, қорғанды қатардағы жауынгердің жерлеу орны деуге негіз бар.

Зерттеу жұмыстарынан кейін ескерткіштердің барлығы құжатталып тіркелді. Археологиялық зерттеу жүмыстарынан соң жылдағы дәстүр бойынша зерттеу жүргізілген барлық ескерткіштер Жайсан алқабында қайта қалпына келтірілді.

Ортағасырлық Төлеби - «Хиам» бекінісі Жамбыл облысы, Шу ауданы, Теле би ауылынан солтүстік шығысқа қарай шамамен 5 шақырым қашықтықта Шу өзенінің оңтүстігінде орналасқан. Шығыстан батысқа бағытталған бекіністің бұзылған қабырғаларын қоса есептегендегі аумағы 120*140 м болатын бекіністің жобасы 2007 жылы тамыз айында жасалған болатын (1-сурет А).

Археологиялық қазба жұмыстарын жүргізу үшін, бекініс территориясындағы қабырға қалдықтарының ізі байқалатын көлемі 15*20 м тұрғын-жай нысаны таңдалынып алынды. Бұл тұрғын-жай бекіністің шығыс қабырғасынан 30-35 м және солтүстік қабырғаға жақын жерде орналасқан. Қазба жұмыстарын оңтүстіктегі А1 және солтүстіктегі А1 яғни екі квадратта жүргізу жоспарланды(1-сурет Б). Квадрат территорияларында солтүстіктен оңтүстікке бағытталған барлығы терт шурф салынды. Шурфтардың көлемі: А1/ І-ІІІ: 4*10 м, А1/ІІ: 5*5 м жене А-1: 2*10 м.

Тұрғын-жайдың ең ежелгі қабаты 0,3 м тереңдікте байқалды. Бұл қабаттың едәуір бөлігі аңдардың індері мен кейінгі кездері қазылған шұңқырлардың әсерінен құруға айналған. Дейтұрғанмен құрылым жобасы жақсы байқалады. Қандай қызметті атқарғаны әлі беймәлім тік бұрышты жоспардағы үй, бекініс тәрізді шығыстан батысқа бағытталған. Зерттеу жұмыстары жүргізіліп отырған учаскедегі үйдің шығыс қабырғасы жақсы сақталған (1-сурет В). Қабырға көлемі 15-18*18-20*30-32 см болатын шикі кірпіштен тұрғызылған. Қабырғаның қалыңдығы 0,7-0,8 м, сақталған биіктігі 0,3-0,4 м. Тұрғын-жайдың өзі шығыстан-батысқа бағыттала орналасқан ішкі қабырғалармен үш бөлмеге бөлінген. Зерттеліп отырған аумақтағы бұл қабатта оңтүстік-солтүстік бөлінулер байқалмайды. Тұрғын-жайдың солтүстік қабырғасы мен ішкі қалқаларының жекелеген бөліктері кейінгі уақытта қазылған орлардың салдарынан жойылған. Оңтүстік-шығыс бөлмеде көлемі 0,6*0,45 м болатын тікбұрышты бірінші ошақ, және бұдан 30 см жерде диаметрі 0,3-0,35 м дөңгелек екінші ошақ кездесті. Ал үйдің қабырғасында сыртқы диаметрі 0,5 м сопақ пішінді кішігірім ошақ орнатылған. Үйдің шығыс қабырғасына кішігірім құрылыс жалғастыра салынған. Онда қираған төбесінен қалған ағаш арқалықтары мен тас жабулардың қалдықтары сақталған. Бұлардың барлығы орнында белгіленіп құжатталды. Құрылымның оңтүстік қабырғасы негізгі тұрғын-жайдың қабырғасын жалғастырады. Бірақ оның көлемі мен қабырға кірпіштерінің қаландысы ерекше болып келеді. Бөлменің оңтүстік-батыс бұрышында шикі кірпіштен соғылған сыртқы диаметрі 0,65-0,7 м ошақ салынған.

Деңгейдің 1,5-1,8 м тереңдігінде зерттелген төменгі-ертедегі құрылыс, негізгі көлемі жөнінен кейінгі құрылыстан ерекшеленбейді. Дегенмен де кейбір ерекшеліктер де байқалмай қоймайды. Оңтүстік және солтүстік қабырғалар жоғарғы горизонттағы қабырғалардың астына тек жартылай ғана енсе, ал шығыс қабырға мүлдем сәйкес келмейді. Шамамен 70 см шығысқа бұрылыңқы орналасқан бұл үйдің ішкі қабырғасы болып табылады. Осы жерден екі үйдің арасындағы жол табылды. Зерттеу жүргізіліп отырған үйдің оңтүстік қабырғасы да кейінгі құрылыс қабырғасымен сәйкес болмай шықты. Ол 60-80 см оңтүстікке қарай ауытқи тұрғызылған. Бұл жерден екі хум кездесті. А1/ІІ шурфының батыс жиегінде екінші бір ішкі қабырға, бұған перпендикуляр орналасқан үшінші қабырғаның іздері А-1 шурфынан табылды. Осылайша аумағы 2,7*2,7 м болатын бөлме анықталды. Бөлменің оңтүстік қабырғасының жанында жоғарыда аталып өткен екі конустық пішіндегі қолмен жапсырыла жасалған хум орналасқан. Хумның екеуі де сынған. Сақталған бөлігінің биіктігі 90 см, ал диаметрі жоғарғыда 40 см-ден табанында 60 см-ге дейін өзгереді. Хумдар бөлменің оңтүстік қабырғасының маңында суфаға көмілген. Ежелгі деңгейдегі келесі бөлме хумдары бар бөлменің батысында орналасқан. Оның аумағы шамамен 2*2,8 м. Мұндағы оңтүстік қабырға хумдары бар шығыстағы бөлменің оңтүстік қабырғасына қарағанда 0,5-0,7 м солтүстікке ауытқи тұрғызылған. Бөлменің оңтүстік бөлігінде ені 0,3-0,4 м суфаның қалдықтары байқалады. Зерттелген А1 квадратындағы келесі бөлменің тек оңтүстік және солтүстік қабырғалары ғана табылды. Олардың арақашықтығы 5 м құрайды. Мұнда да оңтүстік қабырға маңында ені 0,4-0,5 м болатын суфаның іздері байқалады. Төменгі деңгейдің опырылған құландысынан хумдармен бір деңгейде орналасқан дөңгелек пішінді, ортасына гректердің кресті ойылып салынған және периметрі бойынша айналмалы циркульді оюмен өрнектелген сүйек салпыншақ табылды (2 Сурет А).

А1 квадратының оңтүстік бөлігін көлемі 30*20 м болатын кейіннен қазылған шұңқыр aлып жатыр. Шұңқырдың тереңдігі мен кесіндісін А1/І-ІІІ шурфының оңтүстігінен байқауға мүмкіндік туды. Бұл жерде сондай-ақ материктің де іздері байқалады. Материктің жоғарғы беті бекіністің солтүстіктегі қазіргі кездегі жоғарғы бетінен шамамен 2-2,5 м тереңдікте орналасқан. Шұңқырдың салдарынан бұзылған мәдени қабаттардың орнында, зерттелген төменгі деңгейдің басқа жерінен хронологиялық шеңбері әлі белгісіз тағы бір қабат анықталды.

Қазба жұмыстары барысында табылған жәдігерлердің негізгі коллекциясы керамика материалдарынан тұрады. Зерттеу барысында бұлардың классификациясы жасалды. Қазба жұмыстары кезінде табылған массалы ыдыс бөліктерінен бірқатар ыдыс түрлері ажыратылды. Олар: а) қолмен жапсырылған сопақ тұтқалары бар қазандар (2 сурет Б); б) ою-өрнекті ыдыстар (2 сурет В); в) келі (2 сурет Г); г) түбі тегіс ыдыстар (2 сурет Д); д) әртүрлі типтегі ыдыстардың тұтқалары (2 сурет Е); Далалық зерттеу жұмыстарының барысында қызыл түсті саздан жасалған ыдыстардың түрлерінің жиі кездестіндігі, ал сары түсті саздан жасалғандардың қызыл түстілерге қарағанда сирек болатындығы, сұр түсті саздан жасалған ыдыстардың мүлдем аздығы анықталды. Металлдан жасалған жәдігерлер өкінішке орай жоқтың қасы. Тек түсініксіз ұсақ қола сынықтар ғана табылды. Жалғыз ғана қызықты зат, құрылыстың ежелгі деңгейінде оңтүстік-шығыс тұрғын-жайдың еденінен кездесті. Етегіне бес жапырақшадан тұратын тәріздес өрнек түскен бұл қандай да бір қола заттың соңғы бөлігі болып табылады. Қазба жұмыстары барысында екі деңгейге жататын кем дегенде төрт басты ооат анықталды. Бұл екі деңгейден табылған керамика бірінен бірі ерекшеленбейді.

Зерттеу жұмыстары барысында табылған материалдардың аналогтары қарастырылды. Оларды отағасырлық Тараз, Баласағұн, Құлан, Мерке қалаларынан кездестіруге болады. Ортағасырлық Төлеби-«Хиам» бекінісін зерттеу барысындағы алға қойған мақсаттардың бірі қазба барысында табылған артефактілерге сүйене отырып, бұл бекіністің сол дәуірде қандай қызмет атқарғандығын анықтау. Сонымен қатар Шу өңірін мекен еткен ортағасырлық түрік тайпаларының таулы-далалы кеңістіктегі киелі мекендерге орнатқан ғибадатханалардағы петроглифтер мен жерлеу орындарынан шыққан археологиялық заттай деректер арасындағы мәдени байланысы мен хронологиялық кезеңдерін салыстыру болып табылады. Сол себепті айтылған жайттарды нақтылау үшін алдағы жылдарда бекіністегі қазба жұмыстарын кең көлемде жүргізу жоспарлануда.

Қазба жұмыстарымен қатар петроглифтерді зерттеу жұмыстары да атқарылып, өз кезегінде төменгі Теректі сайындағы, Қызылсайдағы жартастардағы суреттерге жүргізілген барлау жұмыстары нәтижесінде суреттермен түріктермен қазақтардың рулық таңбалары тіркеліп, тізімге алынды. Петроглифтер орналасу реттілігіне қарай бірнеше топқа бөлініп, әр топ GPS-ке тіркелді. Негізгі көріністердің ішінде салт аттылар, түйелер, бұғылар, бір жерден қасқыр суреті тіркелді. Жартастардағы петроглифтер арасынан домалақ, тарақ үлгісіндегі таңбалар, сондай-ақ дулаттардың таңбаларының белгілі түрлері мен Ботбай руының өкілдерінің де таңбалары табылып тіркелді. Суреттердің барлығының дерлік көшірмелері жасалынып құжатталды.

Жартастағы сурет өнері ескерткіштерін ғибадатхана аумағындағы жерлеу орындары және ғұрыптық құрылыстармен қоса қарастыру нәтижесі аталған өнер ескерткіштерінің дүниетанымдық болмысын, петроглифтер арасындағы хронологиялық қабатын нақты ажыратуға мүмкіндік береді.

Теректі 3 тобындағы 1-қорғанға жүргізілген қазба жұмысы барысында жерлеу салтының ерекшелігі мен жерлеу құрылысының типтерін зерттеуге бағытталған ежелгі және ортағасырлық халықтың мәдениеттерінің ұрпақтастығы мәселесін зерттеу, Жайсан алқабы кеңістігінде көшпелілердің мәдениетінің шығу тегіне бақылау жүргізуге мүмкіндік береді.

Бағдарлама аясында жүргізілген кешенді археологиялық зерттеулер нәтижесінде алынған жаңа материалдар қазақ даласын ежелден мекендеген түрік халқының мұрасын қайта қалпына келтіру үшін таптырмас дерек көзі болып табылады.